
Халықаралық World Boxing федерациясы алдағы Конгресте басшылық лауазымдарға таласатын үміткерлердің нақты тізімін жариялады. Сайлау 2025 жылдың 23 қарашасында Рим қаласында өтеді.
Ұйым президенті лауазымына тіркелген жалғыз үміткер — Геннадий Головкин. Федерация жарғысы бойынша, егер орынға бір ғана кандидат ұсынылса, Конгресс оны баламасыз негізде бірауыздан мақұлдайды.
Барлық үміткер арнайы тәуелсіз комиссияның тексерісінен өтіп, кәсіби талаптарға сай екенін дәлелдеді. Президенттен бөлек, жиында вице-президент пен Атқарушы комитет мүшелері сайланады.
Вице-президенттікке үміткерлер: Чайват Чотима (Таиланд), Иштван Ковач (Венгрия) және Райан О’Ши (Канада).
Атқарушы комитет мүшелігіне үміткерлер қатарында Мулуд Бузьян (Франция), Норберт Келлер (Бельгия), Иштван Ковач (Венгрия), Донатас Мачянскас (Литва), Михаэль Мюллер (Германия), Тацуя Накама (Жапония) және Райан О’Ши (Канада) бар.
Римдегі отырысқа вице-президент Дина Гликидис төрағалық етеді. Сайлау процесінің ашықтығын арнайы бақылаушылар қадағалайтын болады.



