
Жапонияның Нагоя қаласында Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Атқарушы комитетінің 110-отырысы өтті. Жиында 2029 жылы Алматыда өтетін X қысқы Азия ойындарына дайындық барысы талқыланды.
Отырысқа Қазақстан атынан АОК вице-президенті Кудрәт Шамиев және Орталық Азия өкілі, Атқарушы комитет мүшесі, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты. Жиынды АОК президенті шейх Джоаан бин Хамад Әл Тани ашты.
Кудрәт Шамиев Атқарушы комитет мүшелеріне Алматыдағы ұйымдастыру жұмыстары туралы есеп берді. Ол ақпан айында Қабылдаушы қала туралы келісімге қол қойылғаннан бері атқарылған шараларға тоқталды.
Дайындық аясында АОК делегациясы шілде айында Алматыға алғашқы инспекциялық сапарын жасаған. Кеңес өкілдері Almaty Arena, Halyk Arena, «Медеу», «Шымбұлақ», «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының инфрақұрылымымен танысты. Ұйым өкілдері қолданыстағы спорт нысандарына оң баға берген.
Жоспар бойынша қысқы Азия ойындарын өткізуге Алматы мен оның маңындағы бес мұз айдыны және үш тау нысаны пайдаланылады. Жаңа спорт кешендерін салу көзделмеген. Сондай-ақ спортшыларды жарыс нысандарына жақын қонақүйлерге орналастыру жоспарланып отыр. Арнайы спортшылар қалашығы салынбайды.
Қазіргі уақытта жарыстың спорттық бағдарламасы АОК-пен бірлесіп талқылануда. Оны 2027 жылдың қаңтарында Дохада өтетін АОК Бас ассамблеясына дейін толық бекіту жоспарланған.
Сонымен қатар Ұйымдастыру комитеті мен Ойындар дирекциясын құру жұмыстары басталды. Алдағы кезеңде басқару жүйесін қалыптастыру, техникалық жоспарлау және дайындықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу көзделген.
Отырыста 2026 жылы Эр-Риядта өтетін жауынгерлік спорт түрлерінен жабық ғимараттағы VI Азия ойындары мен 2028 жылы Себуде ұйымдастырылатын VII жағажай Азия ойындарына дайындық туралы есептер де тыңдалды.


