
Қазақстандық триатлоншы Рамазан Әйнегов Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының аталған жарыстағы екінші жүлдесі.
Отандасымыз триатлон бәсекесінде қашықтықты 53 минут 27 секундта аяқтап, жапониялық Дайки Нисидзакимен бір уақытта мәреге жетті. Нәтижесінде екі спортшы үшінші орынды бөлісіп, қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық және жапониялық триатлоншылар жарыс жеңімпазынан небәрі 14 секундқа қалып қойды.
Бұл сайыста Португалия өкілі Артур Гашпар жеңіске жетті. Ол қашықтықты 53 минут 13 секундта бағындырып, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды.
Күміс медаль Люксембург спортшысы Эмиль Ванолстқа бұйырды. Оның нәтижесі – 53 минут 23 секунд.
Рамазан Әйнеговтің жетістігінен кейін Қазақстан құрамасының Дакардағы Олимпиадада жеңіп алған медаль саны екіге жетті.
Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге бір алтын және бір қола медаль бар.



