БАСҚАЛАРЫ

Никита Чирюкин әлем чемпионатында финалға бір орын жетпей қалды

Қазақстандық мерген Никита Чирюкин Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатында тоғызыншы орын иеленді. Ол финалға шығуға бір қадам жетпей, жарысты үздік ондықта аяқтады.

Отандасымыз 25 метр қашықтықтан жылдам атылатын тапаншамен нысана көздеу сайысына қатысты. Іріктеу кезеңінде Чирюкин 582 ұпай жинап, тоғызыншы нәтиже көрсетті.

Қазақстандық спортшы Оңтүстік Корея өкілі Ли Гонхекпен бірдей ұпай жинаған. Алайда қос мергеннің нәтижесін салыстырғанда кореялық спортшының ішкі ондыққа тигізген оқтары көбірек болып шықты. Ли Гонхек 25 рет, ал Чирюкин 24 рет ішкі ондықты дәл көздеген.

Осының нәтижесінде Оңтүстік Корея өкілі сегізінші орын алып, финалға жолдама иеленді. Ал қазақстандық мерген тоғызыншы орынмен шектелді. Бұл бағдарламада іріктеудің үздік сегіз спортшысы шешуші кезеңге өтті.

Финалдық бәсекеде Германия спортшысы Флориан Петер әлем чемпионы атанды. Күміс медальді Франция өкілі Клеман Бессаге жеңіп алса, оның отандасы Жан Кикампуа қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Дохадағы әлем чемпионатында бұған дейін бір медаль жеңіп алған. Ирина Юнусметова 50 метр қашықтықтан тапаншамен нысана көздеу сайысында 537 ұпай жинап, қола жүлдегер атанған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button