АУЫР АТЛЕТИКАТРЕНДТЕ

Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында үш күміс медаль жеңіп алды

Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қоссайыс қорытындысы бойынша екінші орын иеленді.

Отандасымыз жұлқа көтеру жаттығуында 182 келіні бағындырды. Ал серпе көтеруде 217 келіні еңсеріп, жалпы есепте 399 келі нәтиже көрсетті.

Бұл көрсеткіш Нұрғиса Әділетұлына әлем чемпионатының күміс медалін әкелді. Сонымен қатар қазақстандық спортшы жұлқа және серпе көтеру жаттығуларының әрқайсысында екінші орын алып, екі кіші күміс медальға қол жеткізді.

95 келіге дейінгі салмақта Болгария өкілі Карлос Насар әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 185 келіні, серпе көтеруде 230 келіні бағындырып, қоссайыста 415 келі жинады.

Қола медаль ирандық Али Алипурға бұйырды. Оның жалпы нәтижесі 396 келіні (181+215) құрады.

Нұрғиса Әділетұлының бұл жетістігі Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі болды.

Айта кетейік, қазақстандық ауыр атлет биыл қыркүйекте Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен Азия ойындарында да күміс медаль жеңіп алған еді. Ол кезде спортшы қоссайыста 394 келіні (177+217) көтерген болатын.

Нұрғиса Әділетұлы әлемдік деңгейдегі жарыстарда бұған дейін де жоғары нәтижелер көрсеткен. 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2024 жылы Бахрейннің Манама қаласында әлем чемпионы болған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button