ТАЕКВОНДОТРЕНДТЕ

Алматыда таеквондодан Қазақстан чемпионатының алғашқы бес чемпионы анықталды

Алматы қаласында таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Ел біріншілігінің алғашқы жарыс күнінде ерлер мен әйелдер арасында бес салмақ дәрежесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.

Ерлер арасында екі, әйелдер арасында үш салмақ бойынша медальдар сарапқа салынды. Алғашқы алтын жүлделерді Алматы қаласы, Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарының спортшылары жеңіп алды.

Ерлер арасындағы 54 келіге дейінгі салмақта алматылық Еркебұлан Еңсегенов Қазақстан чемпионы атанды. Күміс медаль Түркістан облысының өкілі Нұрасыл Сағындыққа бұйырды. Ал шымкенттік Баходир Шапулатов пен Алматы облысының спортшысы Мағжан Отарғали қола жүлдегер атанды.

58 келіге дейінгі салмақта тағы бір алматылық таеквондошы Нұрали Махмұт жеңіске жетті. Екінші орынды Алматы облысынан келген Марғұлан Маратұлы иеленді. Үшінші орындарды Жавохирхон Исламов (Шымкент) пен Санжар Исмаил (Алматы) бөлісті.

Әйелдер арасындағы 49 келіге дейінгі салмақта Жамбыл облысының өкілі Нұрайым Жұмабек алтын медаль жеңіп алды. Қарағанды облысынан келген Адель Жандильдинова күміс жүлдегер атанса, Малика Ғалым (Атырау облысы) мен Рухшона Биметова (Жамбыл облысы) қола медаль иеленді.

73 келіге дейінгі салмақта Түркістан облысының спортшысы Назым Махмұтова ел чемпионы атанды. Финалда оған жол берген шымкенттік Феруза Ергешова екінші орын алды. Ал Нұриза Тұрарова (Алматы) мен Дания Қабир (Павлодар облысы) үздік үштікті түйіндеді.

73 келіден жоғары салмақта Алматы облысының өкілі Ақсәуле Ерқасымова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Астаналық Дария Манасқызы күміс медальға ие болды. Қола жүлделер Евгения Каимова (Астана) мен Меруерт Ткебаеваға (Ақтөбе облысы) бұйырды.

Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша Алматы қаласының спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды. Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарының өкілдері бір-бір алтыннан иеленді.

Қазақстан чемпионаты алдағы күндері өзге салмақ дәрежелеріндегі бәсекелермен жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button