
Халықаралық дзюдо федерациясы Эквадордың Гуаякиль қаласында өтетін кадеттер арасындағы әлем чемпионатына қатысушылардың тізімін жариялады. Қазақстан құрамасы әлемдік додаға 20 спортшымен қатысады.
Ұлдар құрамасы сапында Бекарыс Құдайберген мен Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін), Бақдәулет Ізбасар (55 келіге дейін), Расулхан Ғабит пен Ахмет Баубек (60 келіге дейін), Ерік Үсенов (66 келіге дейін), Бекәлі Еркен (73 келіге дейін), Әлижан Сайлаубеков (81 келіге дейін), Шыңғыс Қонысбек (90 келіге дейін) және Әділжан Жаудинов (90 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Қыздар құрамасына Жанел Айтбай мен Адия Жанахмет (40 келіге дейін), Рамина Әбішева (44 келіге дейін), Иянат Жұбатқан мен Зере Талғатқызы (48 келіге дейін), Фатима Сүпіғалиева (52 келіге дейін), Інжу Жұмажан мен Еркеназ Сембек (57 келіге дейін), Азима Серік (63 келіге дейін) және Тоғжан Төлебай (70 келіден жоғары) енді.
Кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты 20–23 тамыз аралығында Эквадордың Гуаякиль қаласында өтеді. Қазақстандық жас дзюдошылар әлемнің үздік спортшыларымен күш сынасып, жүлделер үшін бақ сынайды.



