
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, турнирдің үшінші кезеңіне жолдама алды.
Қарымта кездесуде қазақстандық клуб өз алаңында Кипрдің «Омониясын» 1:0 есебімен жеңді. Матчтағы жалғыз голды 37-минутта Эдмилсон соқты. Алғашқы ойын дәл осындай есеппен кипрлік клубтың пайдасына аяқталғандықтан, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Он бір метрлік соққылар сериясында «Қайрат» ойыншылары дәлдік танытып, 6:5 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында «Омонияның» Какулисі 26-минутта, ал Кулибали қосымша уақыттың 111-минутында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Осылайша алматылық клуб Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алып, келесі айналымда Болгарияның «Левски» мен Румынияның «Университатя Крайова» командалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.



