Жастар арасындағы Азия чемпионаты: Қазақстан алғашқы жарыс күнін жүлдесіз аяқтады

Қытайдың Ордос қаласында жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда. Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық спортшылар бірнеше бағдарлама бойынша сынға түсті.
100 метрге жүгіруден финалға шыққан Екатерина Пузырева 12,24 секунд нәтиже көрсетіп, жетінші орынға ие болды.
3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Ақбілек Құралбай финалда 11:11,60 уақытпен мәреге жетіп, алтыншы орыннан көрінді.
800 метрге жүгіруден Аяна Болатбекқызы іріктеу кезеңінде 2:09,43 нәтиже көрсетіп, өз тобында үшінші орын алып, финалға жолдама жеңіп алды. Ал осы қашықтықта Виктория Сукачева 2:12,10 уақытпен оныншы орынға тұрақтап, шешуші кезеңге өте алмады.
Ерлер арасындағы 800 метрге жүгіруде Александр Жигарь 2:00,02 уақыт нәтижесімен тоғызыншы орын алып, жарысты іріктеу кезеңінде аяқтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының алғашқы күнінде жүлдеге қол жеткізе алмады. Құрлық біріншілігі 12 шілдеге дейін жалғасады.



