БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК мен Қазақ ұлттық спорт университеті әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Қазақ ұлттық спорт университеті (ҚҰСУ) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Салтанатты рәсім университеттің ресми ашылуы аясында өтті.

Құжатқа Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қол қойды.

Меморандум дене шынықтыру және спорт саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ олимпиадалық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған.

Тараптар жоғары жетістіктер спортын және бұқаралық спортты дамытуға қолдау көрсетіп, спорт саласына қажетті білікті мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Ынтымақтастық аясында спорт ғылымын, спорт менеджментін және білім беру бағдарламаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар университет базасында жаттықтырушыларға, спортшыларға, спорт ұйымдарының өкілдеріне және сала мамандарына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, симпозиумдар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланып отыр.

Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев жаңа жоғары оқу орнының ашылуы еліміздің спорт саласы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақ ұлттық спорт университеті заманауи талаптарға сай жаттықтырушыларды, спорт менеджерлерін және басқа да жоғары білікті мамандарды даярлайтын жетекші білім беру орталығына айналып, қазақстандық спорттың халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне өз үлесін қосады.

Кездесу қорытындысында тараптар меморандум аясында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытып, академиялық байланысты нығайтуға және отандық спорттың дамуына бағытталған жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендерін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button