Қазақстанның көкпар құрамасы жауапты жарыстарға дайындықты жалғастырып жатыр

Алматы қаласы маңындағы Олимпиадалық даярлау орталығында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Команда алдағы ірі халықаралық жарыстарға дайындық жұмыстарын жалғастыруда.
Жаттығу жиыны аясында ұлттық құрамамен Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, көкпар ардагері Дербіс Байділдаев, сондай-ақ Көкпар федерациясының вице-президенттері Жаныс Саев, Қуан Құрамаев және Бағлан Әбдірайымов кездесті.
Кездесу барысында құрметті қонақтар ұлттық құрама спортшыларына сәттілік тілеп, өздерінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Олар шабандоздарды алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның намысын жоғары деңгейде қорғауға шақырып, жеңіске жетуге сенім білдірді.
Басқосу соңында көкпар спортын дамытуға және ұлттық құраманың сапалы дайындық жүргізуіне қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне алғыс айтылды.
Айта кетейік, мұндай кездесулер ұлттық құраманың рухын көтеріп, спортшылардың маңызды халықаралық жарыстар алдындағы жігерін шыңдауға ықпал етеді.



