БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан садақ атудан Әлем кубогы кезеңінде үздік жетілікке енді

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы блокты садақпен атудан әйелдер арасындағы командалық жарыста үздік жетілік қатарына енді.

Қазақстан сапында Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова өнер көрсетті. Отандастарымыз жарыстың алғашқы айналымында Қытайлық Тайбэй құрамасын 231:229 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Алайда ширек финалда қазақстандық спортшылар Мексика құрамасына 226:234 есебімен есе жіберді. Кейін мексикалық мергендер финалға дейін жетіп, алтын жүлде үшін күресу мүмкіндігіне ие болды.

Нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасы жарысты жетінші орынмен аяқтады. Қола медаль үшін өткен кездесуде Германия құрамасы АҚШ командасын жеңді. Ал турнирдің финалында Мексика мен Түркия құрамалары кездеседі.

Ерлер арасындағы командалық жарыста Қазақстан атынан Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн бақ сынады. Қазақстандықтар алғашқы кезеңде Мексика құрамасымен кездесіп, 232:235 есебімен жеңіліс тапты.

Кейін Мексика құрамасы қола медаль жеңіп алса, алтын жүлде үшін Қытай мен Дания құрамалары таласады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем кубогы кезеңінде бірқатар мықты қарсыластармен тең дәрежеде бәсекелесіп, халықаралық аренадағы тәжірибесін толықтырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button