Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеуге тапсырған азаматтарға ақша төленеді

Қазақстанда азаматтарға тұрмыстық қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге тапсыру арқылы қаржылай сыйақы алуға мүмкіндік беретін EcoQolday цифрлық жүйесі жұмыс істеп тұр.
Жоба халықты қалдықтарды бөлек жинауға және қайта өңдеуге тартуға бағытталған. Жүйеге кез келген азамат тіркеле алады. Пластик, макулатура, металл сынықтары және күнделікті тұрмыста пайда болатын басқа да қалдықтарды арнайы қабылдау орындарына тапсырған жағдайда, пайдаланушылар белгілі бір мөлшерде төлем алады.
Сонымен қатар «Жасыл даму» АҚ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін қолдау жұмыстарын жүзеге асырады.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар тұрғындар мен бизнестің қалдықтарды қайта өңдеу ісіне белсенді қатысуын ынталандырады. Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеудің толық циклін қалыптастырған кәсіпорындар да бар. Олар қалдықтарды бөлек жинаудан бастап тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Қайта өңдеу нәтижесінде органикалық қалдықтардан тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын гумус өндіріледі. Ал пластик қалдықтар арнайы түйіршіктерге айналдырылып, кейін жаңа өнімдер шығаруға арналған шикізат ретінде қолданылады.



