Қазақстан құрамасы спорттық гимнастикадан Азия чемпионатына қатысатын құрамды жариялады

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының бапкерлер штабы Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.
Құрлық біріншілігінде Қазақстан намысын Милад Карими, Ильяс Азизов, Дмитрий Патанин, Роман Хегай, Дияс Тойшыбек және Нуртан Идрисов қорғайды.
Команда көшбасшыларының бірі Милад Карими еркін жаттығуларда, қол тіреп секіруде, ат снарядындағы және кермедегі жаттығуларда өнер көрсетеді. Ал Ильяс Азизов, Роман Хегай және Нуртан Идрисов көпсайыс бағдарламасында бақ сынамақ. Дмитрий Патанин бірнеше снарядта, соның ішінде сақиналардағы жаттығуларда, қоссырықта және кермеде күш сынасады. Дияс Тойшыбек ат снарядындағы жаттығуларға, қоссырық пен кермеге қатысады.
Қазіргі уақытта қазақстандық гимнастар Азия чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңін өткізуде. Олар Бейжің қаласындағы оқу-жаттығу жиынында Қытай ұлттық құрамасының спортшыларымен бірге жаттығып жатыр.
Алдағы құрлық біріншілігінің маңызы зор. Өйткені бұл жарыс 2026 жылғы Азия ойындары мен әлем чемпионатына жолдама беретін іріктеу турнирі болып саналады. Жолдамалар командалық жарыстардың нәтижесі бойынша үлестіріледі.
Осыған байланысты бапкерлер штабы құрамды жасақтау кезінде бірнеше снарядта өнер көрсете алатын әмбебап гимнастарға басымдық берген. Сондықтан жекелеген жаттығуларға маманданған кейбір спортшылар команда құрамына енгізілмеген.
Айта кетейік, Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының нақты құрамы Азия чемпионаты аяқталғаннан кейін анықталады. Құрлық біріншілігі 18-21 маусым аралығында Қытайдың Цзуньи қаласында өтеді.



