БОКС

Астанада Қазақстан бокс федерациясының жыл сайынғы конференциясы өтті

Астанада Қазақстан бокс федерациясының 2025-2026 жылдардағы жұмыс қорытындылары шығарылып, алдағы олимпиадалық циклге арналған негізгі міндеттер талқыланған жыл сайынғы конференция өтті.

Ресми жиынға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Әлімжан Ақаев қатысты.

Конференция барысында Әлімжан Ақаев ұйымның халықаралық қызметі туралы баяндама жасап, Қазақстанның World Boxing ұйымындағы позициясын күшейту және отандық мамандардың Asian Boxing комиссияларындағы өкілдігін кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ ұлттық құрамаларды 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына және Сенегалдың Дакар қаласында ұйымдастырылатын жасөспірімдер Олимпиадасына дайындау жұмыстары талқыланды. Бұдан бөлек, Халықаралық Олимпиадалық комитет бекіткен 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу жүйесіне назар аударылды.

Айта кетейік, 2027 жылдың сәуір айында Астанада Олимпиада ойындарына іріктеудің алғашқы кезеңі саналатын әлем чемпионаты өтеді.

Жиында халықаралық жарыстарда спорттық этика талаптарын сақтау және төрешілік жүйесіне цифрлық технологияларды енгізудің маңызы да айтылды.

Конференция аясында марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан өңірлік федерацияларға боксты дамыту мен олимпиадалық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар еңбек сіңірген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Олимпиада қозғалысының қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.

Конференция соңында Қазақстан бокс федерациясы халықаралық аренадағы позицияны нығайту және басты жарыстарға дайындықты қамтитын олимпиадалық циклдің стратегиялық міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыратыны атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button