БАСҚАЛАРЫ

Аичи–Нагоя–2026 Азия ойындарына дайындық мәселелері талқыланды

2026 жылы өтетін Аичи–Нагоя жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарына дайындық барысын пысықтауға арналған кеңейтілген жиын өтті.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин жетекшілік етті. Басқосуға өңірлік спорт басқармаларының басшылары, ұлттық спорт федерацияларының өкілдері, кешенді ғылыми топ мамандары және жауапты сала қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында 2026 жылғы Азия ойындары мен Азия Пара ойындарына дайындықтың негізгі бағыттары жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, ұлттық құрамаларды жасақтау, оқу-жаттығу жиындарының кестесі, халықаралық жарыстарға қатысу, спортшыларды медициналық және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында спортшылардың дайындық деңгейін күшейту, өңірлер мен федерациялар арасындағы үйлесімді жұмысты арттыру, сондай-ақ жоспарланған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Комитет төрағасы Руслан Есеналин алдағы ірі халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсету жүйелі дайындық пен барлық жауапты тараптардың бірлескен жұмысына тікелей байланысты екенін айтты. Сонымен қатар, әр спорт түрі бойынша нақты міндеттер айқындалып, жауапты ұйымдарға тиісті тапсырмалар жүктелді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button