Жасөспірімдер Олимпиадасы-2026: Қазақстан ҰОК дайындық барысымен танысты

Сенегалдың Дакар қаласында 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына дайындық мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтті.
Аталған жиында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай қатысты. Семинарға әлемнің 200-ден астам ҰОК өкілдері жиналды.
Кездесу барысында алдағы ойындардың ұйымдастырылу ерекшеліктері мен өткізу форматына ерекше назар аударылды. Жасөспірімдер Олимпиадасы тек спорттық жарыстармен шектелмей, мәдени және білім беру бағдарламаларымен де ерекшеленеді. Бұл бағыт жас спортшылардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Семинар аясында қатысушылар жарыс өтетін инфрақұрылыммен танысты. Олардың қатарында спорт нысандары мен Олимпиадалық қалашық бар.
Бектұр Қиятбай мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл семинарлар ұйымдастырушылар талаптарын алдын ала түсінуге, ұлттық құраманың қатысуын тиімді жоспарлауға және федерациялармен үйлестіру жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар логистиканы дұрыс ұйымдастыруға қажетті ақпарат алуға жол ашады.
Айта кетейік, 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу дәстүрлі іріктеу жарыстары арқылы емес, Халықаралық Олимпиадалық комитет бөлетін арнайы шақыртулар негізінде жүзеге асады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 11 спорт түрі бойынша жолдама иеленді. Ал Сенегалда ел намысын 18 спортшы қорғайды.
2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Айта кетерлігі, бұл дода алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылады.



