
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Алматыдағы Орталық стадион халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, киім ауыстыратын бөлмелер, командалар мен төрешілерге арналған аймақтар аттестациядан өтіп, жоғары деңгейдегі ойындарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Стадионның бұрынғы кейбір кемшіліктері — сынып қалған орындықтар немесе ескірген әжетханалар — нысанның жасымен және жанкүйерлердің дұрыс қарамауымен байланысты болған. Әр ойыннан кейін креслоларға ревизия жасалып, жиі сынатын орындықтар ауыстырылып отыр.
Қазіргі уақытта бұл мәселелер ерекше бақылауда: орындықтарды ауыстыру және қалпына келтіру, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұрын санитарлық тораптарға тек косметикалық жөндеу жасалса, енді толық күрделі жөндеу басталды.
Алдағы «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы қарсаңында стадион толық дайын болады. Әкімдіктің мәлімдеуінше, абаттандыру жұмыстары аяқталып, тазалық пен қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Стадион халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге толық сәйкес келеді.