2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында бокстан салмақ дәрежелері бекітілді

2025 жылы Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында бокстан жарыс салмақтары ресми түрде бекітілді. Жекпе-жектер Exhibition World Bahrain көрме орталығында өтеді.
Жарысқа 2009–2010 жылы туған спортшылар қатысып, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынайды:
-
Ұлдар: 46 кг, 50 кг, 54 кг, 60 кг, 66 кг, 75 кг дейін, және 80 кг-нан жоғары
-
Қыздар: 46 кг, 50 кг, 54 кг, 60 кг, 66 кг, 75 кг дейін, және 80 кг-нан жоғары
Әр жекпе-жек үш раундтан тұрады (әр раунд — 2 минут, үзіліс — 1 минут). Жеңімпаздар Asian Boxing мен Азия Олимпиадалық кеңесі бекіткен электронды ұпай жүйесі арқылы анықталады.
Бастапқыда бокс бұл ойындардың бағдарламасына енбеген. Алайда Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің бастамасымен, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының қолдауымен бұл спорт түрі тізімге енгізілді.
Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары 2025 жылдың 22–31 қазан аралығында өтеді. Жарыстар 24 спорт түрінен ұйымдастырылып, 5000-нан астам спортшы қатысады.