
Кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясы футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 2025 жылғы шілде айындағы үздіктерін анықтады.
Екінші ай қатарынан Ақтаудың «Каспий» клубының шабуылшысы Мирас Тұрлыбек теңдесіз деп танылды. Үздік бапкер» номинациясында Өскеменнің «Алтай» клубының бас бапкері, тәжірибелі маман Вахид Масудов көп дауыс жинады.
«Үздік ойыншы» номинациясының иегері турнирге қатысушы командалардың капитандары мен бапкерлерінің дауыс беруі арқылы анықталды. Ал «Үздік бапкерді» командалардың бас бапкерлері өзара дауыс беру арқылы таңдады.
Мирас Тұрлыбек шілде айында төрт матч өткізіп, бес гол соқты және бір нәтижелі пас берді. Ол «Оңтүстік» командасының қақпасына хет-трик, «Жетісайға» дубль жасады. Мирас қазір 17 голмен Бірінші лигада үздік сұрмерген болып тұр.
Айта кетейік, сәуір айында Әлішер Сүлей («Тараз), мамыр айында Әділет Омарбек («Алтай») және маусым Мирас Тұрлыбек Бірінші лигада үздік ойыншы атанған.
Вахид Масудовтың жетекшілігімен Өскеменнің «Алтай» клубы шілде айында бес матчтың төртеуін жеңді.