Геннадий Головкин таеквондодан Kazakhstan Open G-1 халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатысты

14 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтетін таеквондодан (WT) Kazakhstan Open G-1 халықаралық рейтингтік турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.
Kazakhstan Open G-1 турнирі World Taekwondo халықаралық жарыстар күнтізбесі аясында 14-16 тамыз аралығында өтеді. Додаға 22 елден келген 750-ден астам спортшы қатысады.
Жарыстар жаңартылған халықаралық ережелер бойынша және заманауи KPNP K-2 электронды жүйесін қолдана отырып ұйымдастырылады. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет жаңа үлгідегі электронды қолғаптар қолданылады.
«Бұл турнир таеквондоны дамыту мен халықаралық спорттық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам. Түрлі мемлекеттен жиналған спортшылардың қатысуы спорттың достық пен өзара түсіністіктің ортақ тілі екенін айқындайды. Барлық қатысушыларға сәттілік, жоғары нәтиже және тартысты жекпе-жектер тілеймін», – деді Геннадий Головкин.
Салтанатты рәсім барысында ҰОК президенті таеквондо дәстүріне сай жаттығу тақтасын сындырды.
Сондай-ақ турнирдің ашылу салтанатына Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) президенті, доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының басшысы және World Taekwondo кеңесінің мүшелері қатысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Геннадий Головкин мен World Taekwondo басшысы Чунгвон Чо кездесу өткізген болатын. Кездесуде тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, таеквондоны олимпиадалық қозғалыс аясында өркендету, сондай-ақ 2026 жылдан бастап жасөспірімдер Олимпиадасы мен құрлықтық чемпионаттарға тәжірибе жүзінде енгізілетін киберспорттық «e-Taekwondo» бағытын талқылады.
Қазақстан таеквондодан 2026 жылғы Гран-при финалын өткізу құқығын иеленді және 2027 жылғы әлем чемпионатын қабылдау үшін өтінім беруді жоспарлап отыр. Бұл бастамаларды жүзеге асыруға Ұлттық Олимпиадалық комитеті толық қолдау көрсетуге дайын.