
Алматының «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі тарихи жеңіске қол жеткізді. Команда үшінші раундтағы алғашқы матчта Словакияның «Слован» клубын 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Жеңісті голды матчтың соңғы минутында 16 жастағы жас шабуылшы Дастан Сатпаев пенальтиден соқты.
Бұл матч «Қайраттың» тарихында тұңғыш рет үшінші іріктеу кезеңіне шыққан сәті ретінде де маңызға ие болды. Ойын басынан бастап алматылықтар белсенді шабуылдап, қарсылас қақпасына қысым көрсетті. Бірнеше қауіпті сәттер болды, алайда словак қақпашысы Доминик Такач өз шеберлігін көрсетті.
Бірінші таймда қос команда да есеп аша алмады. Ал екінші таймда ойын шиеленісе түсті. «Слован» ойыншысы Рахим Ибрахим екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осыдан кейін Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері шабуылды үдете түсті.
Негізгі уақыттың соңғы минутында «Қайрат» пенальти иеленіп, оны Дастан Сатпаев сенімді түрде орындап шықты. Бұл оның кәсіби деңгейдегі алғашқы маңызды голы.
Голдан кейін алаңдағы эмоциялар күшейіп, қонақтардың бас бапкері Владимир Вайсс тәртіпсіздігі үшін техникалық аймақтан қуылды. Көп ұзамай Рикардиньо Сатпаевтың бастамасымен ұйымдастырылған шабуылды голмен аяқтаған еді, бірақ VAR тексерісінен кейін гол есепке алынбады.
Матч «Қайраттың» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Жауапты ойын 12 тамыз күні Братиславада өтеді. Қос кездесудің қорытындысы бойынша қай команда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алатыны белгілі болады.