
Алматылық «Қайрат» пен чехиялық «Виктория» Пльзень клубтары шабуылшы Рикардиньоны бір жылға жалға алу жөнінде келісімге келді.
Рикардо Виана Фильо — Бразилияның Сан-Паулу штатының тумасы, осы аттас клубтың түлегі. Кәсіби мансабын «Гремио» сапында бастаған ол кейін «Атлетико Гоияниенсе» (Бразилия) мен «Маритиму» (Португалия) клубтарында өнер көрсетті.
2023 жылдың басында болгариялық «Левскиге» ауысып, команда көшбасшыларының бірі атанды. Бұл клубтың сапында 56 матч өткізіп, 20 гол және 8 нәтижелі паспен көзге түсті.
2024 жылы жазда чехиялық «Виктория» Пльзеньмен келісімшарт жасап, УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінде алаңға шықты. Ал 2025 жылдың бірінші жартысында израильдік «Маккаби» Хайфа командасында 11 матч өткізіп, 1 гол соқты.
Бразилиялық ойыншының «Қайраттағы» ойыны клубтың шабуыл шебін күшейтеді деп күтілуде.