
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 11-орында) Берлинде (Германия) өтіп жатқан WTA 500 турниріндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Ол жарыстың алғашқы айналымында америкалық Эшлин Крюгерді (33-орын) екі сетте — 6:3, 7:6 есебімен ұтты.
Бұл теннисшілер осы маусымда екінші рет кездесіп отыр. Бұған дейін Майамиде өткен турнирде Крюгер сенсация жасап, Рыбакинаны үш сетте жеңіп кеткен еді — 6:4, 2:6, 6:4.
Берлиндегі келесі айналымда Елена чехиялық Катерина Синяковамен (74-орын) кездеседі. Синякова жұптық сында әлемнің бірінші ракеткасы саналады.
Айта кетейік, Берлин турнирінің жүлде қоры — 925 661 еуро. Жеңімпаз теннисші 142 610 еуро табыс тауып, рейтингке 500 ұпай қосады.
17 маусым күні Елена Рыбакина 26 жасқа толды. Туған күнінде осындай жарқын жеңіске қол жеткізу — жанкүйерлер үшін де ерекше қуаныш.