
Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалына шыққан командалар белгілі болды.
Алматылық «Қайрат» пен «Семей» ел біріншілігінің бас жүлдесін сарапқа салады.
Жартылай финалда «Қайрат» төрт матчқа созылған серияда «Атырауды» 3:1 есебімен жеңіп шықты (1:3, 6:0, 5:2, 2:1).
Ал «Семей» «Ақтөбені» қатарынан үш кездесуде тізе бүктірді (4:2, 8:1, 6:2).
Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Алматылық ұжым «Қайрат» бұған дейін 20 мәрте чемпион атанған.
2004 жылдан бері олар үздіксіз алтын жүлде иеленіп келген еді, тек 2024 жылы алғаш рет күміс жүлдемен шектелді.
Сол жылы «Семей» тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанған болатын.
Алдағы финал осы екі команданың тартысты текетіресіне айналмақ.