
Қазақстан Премьер-лигасының 10-туры Алматыда басталды. Алғашқы ойындарда бірқатар күтпеген нәтижелер тіркелді, деп хабарлайды SportM.kz.
Алматыда жергілікті «Қайрат» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 1:2 есебімен ұтылды. Қонақтар сапынан Дәурен Жұмат 11-минутта пенальтиден есеп ашса, Страхиния Йованович 52-минутта айырманы еселеді. «Қайрат» тарапынан 56-минутта Дастан Сәтпаев жауап қайтарды – бұл жас ойыншының маусымдағы жетінші голы.
Осылайша алматылық клуб қатарынан екінші матчта жеңіліс тапты.
Астанада өткен елордалық дербиде «Астана» клубы «Жеңісті» 4:2 есебімен тізе бүктірді. Жеңіс голдарын Зураб Тевзадзе (4-минут) мен Адилио (31-минут) соқса, «Астана» сапынан Бранимир Калаица (14), Абзал Бейсебеков (76), Рамазан Кәрімов (88) және Эльхан Астанов (90) мергендік танытты.
Шымкенттегі ойында жергілікті «Ордабасы» Жезқазғанның «Ұлытау» клубына 0:1 есебімен жол берді. Матч тағдырын 45-минутта Жасұлан Молдақараевтың пенальтиден соққан добы шешті. Бұл – «Ұлытау» командасының маусымдағы алғашқы жеңісі.