
Сондай-ақ, Венгрия астанасында өтетін додада Париж Олимпиадасының чемпиондары – Диера Келдиерова (Өзбекстан), Криста Дегучи (Канада), Барбара Матич (Хорватия) да қатыспауы мүмкін. Соған қарамастан, алдағы әлем чемпионатында дзюдодан көптеген әлемдік деңгейдегі балуандар бас қосады. Бірқатар құрама алдын ала тізімдерін жариялап үлгерді, олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасы да бар.
Қазіргі уақытта бапкерлер штабы әлем чемпионатына қатысатын дзюдошылардың тізімін ұсынды:
Ерлер:
— 60 келіге дейін: Мағжан Шамшадин және Шерзод Давлатов
— 66 келіге дейін: Ғұсман Қырғызбаев
— 73 келіге дейін: Есет Қуанов
— 81 келіге дейін: Абылайхан Жұбаназар
— 90 келіге дейін: Мейірлан Максим
— 100 келіге дейін: Нұрлыхан Шархан және Марат Байқамұров
— 100 келіден жоғары: Ерасыл Қажыбаев
Әйелдер:
— 48 келіге дейін: Әбиба Әбужақынова және Ғалия Тынбаева
— 57 келіге дейін: Бақыт Құсақбаева
— 63 келіге дейін: Эсмигүл Куюлова
Айта кету керек, бұл құрам – алдын ала жасалған тізім. Бапкерлер алдағы уақытта өзгерістер енгізуі мүмкін. Дегенмен, негізгі құрам анықталып қойған. Сонымен қатар жаттықтырушы-кеңесші Роберт Мшвидобадзе Ғұсман Қырғызбаев, Әбиба Әбужақынова және Ғалия Тынбаева Венгрияда өтетін жарысқа нақты қатысатынын растады.
Ғұсман демалыстан кейін жақсы қалыпқа келіп, Астанадағы Grand Slam жарысында күміс жүлде еншіледі. Әбиба да маусым барысында бірнеше халықаралық додада көзге түсті. Ал Тынбаева өз әлеуетін бірнеше рет дәлелдеген болатын. Алдын ала жасалған өтінімге қарағанда, бапкерлер соңғы ірі жарыстарда жақсы өнер көрсеткен жаңа есімдерді де құрамға қосқан: Шерзод Давлатов, Есет Қуанов, Мейірлан Максим және Марат Байқамұров.
Әрине, алдағы дайындық кезеңінде құрамда өзгерістер болуы мүмкін. Тіпті кейбір спортшылардың ауыстырылуы да ғажап емес. Жаттығу барысы бапкерлерге ең лайықты үміткерлерді анықтауға жол ашады. Өйткені Будапештке мықты спортшылар келе алмаса да, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар бас қосатыны анық.
Жапония болса, барлық көшбасшысын додаға қоспақ деген нақты болжам бар. Олар осы уақытқа дейін ірі жарыстарға қатысқан жоқ. Тек Астанада екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасэ ғана белдесті. Бірақ бұл олардың демалып жүргенін білдірмейді. Керісінше, жақында ел чемпионаты аясында құраманы іріктеудің қатаң кезеңі өтті. Бұл турнирде барлық танымал спортшылар татамиге шықты.
Жеңімпаздар Венгрияға барады. Бұл дода әсіресе Олимпиада медалінен тыс қалған Ута Абэ үшін маңызды болмақ. Ол мансабындағы ең ауыр сәттен кейін өз қателігін түзетуге тырысады. Сондай-ақ, оның атақты ағасы – Хифуми де Будапешттегі әлем чемпионатында белдесуі мүмкін. Жапондар дәстүрлі түрде басты фавориттер қатарында.
Тағы кімдер өтінім берді? Олимпиада жүлдегерлері – Романа Дикко (Франция), Патрисия Сампайю (Португалия), Лука Мхеидзе (Франция), Дистрия Красничи (Косово), Тара Бабулфат (Швеция), Амандин Бюшар (Франция), Ким Минджон (Оңтүстік Корея), Ян Юн Вей (Тайбэй), Ширин Букли (Франция) және басқа да көптеген мықты дзюдошы бар.
Тізім әлі де толыға түспек, ал маусым айының басында барлық өтініммен толық танысуға болады. Демек, бұл чемпионаттағы медаль үшін күрес өте қызу әрі тартысты өтпек.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы дзюдодан әлем чемпионаты 13-19 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ, турнир аясында командалық жарыстар да ұйымдастырылады.