Астанада Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Бас ассамблеясы өтіп, алдағы міндеттер айқындалды

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) Бас ассамблеясы өтті. Жиында ұйымның 2024–2026 жылдардағы қызметі қорытындыланып, отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалысты дамытудың алдағы бағыттары белгіленді.
Отырысқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Атқарушы комитет мүшелері және ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.
Геннадий Головкин есептік кезеңде атқарылған жұмыстарға тоқталып, халықаралық спорт ұйымдарымен байланысты нығайту, ұлттық құрамалардың ірі жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету және федерацияларға қолдау көрсету мәселелеріне назар аударды.
Соңғы үш жылда Ұлттық Олимпиадалық комитет Қазақстан делегациясының тоғыз ірі халықаралық кешенді спорттық жарысқа қатысуын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда Қазақстан өкілдері халықаралық және Азия спорт ұйымдарында 58 лауазымды қызмет атқарып жүр.
Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде Қазақстанда бірқатар беделді спорттық жарыс өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, 2027 жылы елімізде бокстан, дзюдодан, үстел теннисінен және таеквондодан әлем чемпионаттары, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі және мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді.
Сонымен қатар Алматы 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Геннадий Головкин аталған жарыстың қысқы спорт түрлерін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалануға ықпал етуі қажеттігін атап өтті.
Бас ассамблеяның маңызды тақырыптарының бірі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық болды. 2027 жылдың басынан Олимпиадаға іріктеу кезеңі басталады. Осыған байланысты ҰОК ұлттық спорт федерацияларына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады. Сондай-ақ Олимпиада кезінде Қазақстан үйін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев ұйымның есептік кезеңдегі қызметі туралы баяндады. Осы уақыт ішінде жаттықтырушылар мен спорт саласының мамандарына арналған 17 білім беру шарасы ұйымдастырылған. Білім беру, техникалық және әлеуметтік бағдарламаларға 700-ден астам адам қатысқан.
Жиында Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, 2025 жылғы қаржылық есепті бекіту және Қазақстан Сквош федерациясын ұйым мүшелігіне қабылдау туралы шешімдер қабылданды. Сквош 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілгенін айта кеткен жөн.
Бас ассамблея соңында отандық спорттың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Қазақстан ҰОК-нің ең жоғары марапаты – ҰОК ордені мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа табысталды.
Сондай-ақ Данияр Қасқарауов, Александр Уваров, Алексей Чуркин, Тамирлан Тілеулес, Арал Садықов, Олжасхан Уәлихан және Елдос Ахметов түрлі дәрежедегі құрмет белгілерімен марапатталды. Таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы Айым Серікбаева Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Құрмет грамотасына ие болды.



