
Шымкент қаласындағы Belline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sportm.kz.
Іріктеу кезеңіне аймақтың 16 үздік командасы қатысуда. Олар финалдық кезеңге берілетін жолдама үшін өзара бақ сынауда.
Қазақстан құрамасы D тобына Қытай, Таиланд және Филиппин командаларымен түсті. Ярослава Шведова жаттықтыратын қыздар турнирдің алғашқы күнінде Филиппин құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Бірінші болып кортқа шыққан Еркежан Жаңатаева қарсыласы Джейденді 6:0, 6:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін Ева Корышева Диазды 6:0, 6:2 нәтижесімен жеңді. Жұптық кездесуде Еркежан мен Ева Джейден – Франциску жұбынан 6:1, 6:2 есебімен басым түсті.
Бірінші турдан кейін Қазақстан мен Қытай құрамаларында үш ұпайдан бар. Қытайлықтар да Таиландты 3:0 есебімен жеңген болатын.
Ертең қазақстандық қыздар Таиландпен кортқа шығып, топтық кезеңдегі келесі жеңіс үшін таласады.