Қазақ жастары әлемдік лигада жеңіске жетті

Дәл қазір Испанияның Гвадалахара қаласында каратэден дүниежүзілік доданың кезекті кезеңі өтіп жатыр. Оған 80 елден 3 мыңға жуық қатысушы жиналды.
Араларында ұлттық құраманың 12 өкілі бар. Сол 12 спортшының үшеуі жеңіс тұғырына көтеріліп үлгерді. Әсіресе, 55 келідегі Мирас Әбдіқадыр мен 70 келідегі Сұңқар Қанибек барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал, 52 келідегі Нұрасыл Нұрсейіт күміс жүлдеге қол созды. Қоржынымыздағы медальдар саны тағы да артуы мүмкін. Өйткені, жастар лигасы 8-сәуірге дейін жалғасады. Шаттық Қажымұқан баптайтын қыз-жігіттер жақсы жетістікпен оралады деген үміттеміз. Өйткені, дәл осы жарыс нәтижесінде спортшыларға рейтингілік ұпайлар беріледі. Ал, ол алдағы жылы Дакарда өтетін жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында, егер каратэ бағдарламасында қалып жатса, шешуші рөлді атқарады.