Қазақ боксшылары Әлем Кубогында топ жарды

Бразилияда бокстан Әлем Кубогы мәресіне жетті. Бұл — World Boxing ұйымы енгізген жаңа форматтағы жарыс. Сәйкесінше, біздің команда оған алғаш рет қатысып отыр.
Қазақстан тарапы бұл бәсекеге жас боксшыларды жіберген болатын. Олар үмітті ақтап, мықты резерв барын дәлелдеді. Атап айтқанда, әйелдер арасында 51 келідегі Жазира Орақбаева барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал, финалда италиялық Элен Лучиа Аяри жекпе-жекке шығудан бас артты. Осылайша Жазира ұлттық құрама сапынан алғаш алтын жүлдегер атанып, мұхиттың арғы жағында әнұранымызды шырқатты. Тарихи жетістік деуге болады. Одан кейін Нұрсұлтан Алтынбек пен Дәулет Төлемісов те жеңіс жолын жалғады. 55 келідегі Нұрсұлтан финалда өзбекстандық Мирарзизбек Мирзахалиловтан басым түсті. Ал, 85 келідегі Дәулет финалда тағы бір өзбекстандық Акмалжон Исраиловты жеңді. Бұдан бөлек, қоржынымызда үш қола жүлде бар. Оны Ұлжан Сәрсенбек, Диас Молжігітов және Даниял Сапарбай еншіледі. Айта кетейік, Әлем Кубогының кезекті, яғни, екінші кезеңі алдағы жазда Астанада өтеді.