Қ. Сәтжанов: Басым түссек те, жеңісті бермеді

Даниял мен Серік қарсыластарынан басым түскен еді. Бірақ, төрешілер жеңісті бермеді. Бокстан Болгарияда өткен халықаралық турнирге қатысты бас бапкер Қайрат Сәтжанов осындай пікір білдірді.
Айта кетейік, жуырда ғана Болгарияның София қаласында бокстан «Станджа Кубогы» ұйымдастырылып, біздің жігіттер 5 алтын, 9 күміс және 4 қола жеңіп алды. Соның арқасында, жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Десе де, бас бапкер кейбір салмақтарда боксшыларымыздың белсенділігне қарамастан, жеңістің қарсы тарапқа кеткенін алға тартады.
«Мәселен, 51 келідегі Даниял Сәбит финалда түркиялық Самет Гумушпен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша қарсыласынан басым түскен еді. Алайда төрешілер жеңісті түркиялық спортшыға сыйлады. Сондай-ақ дәл осындай жағдай 60 келі салмақта да қайталанды. Яғни, Серік Теміржанов жергілікті болгар боксшысы Радослав Росеновпен кездесіп, күміс жүлдегер атанды» — дейді Қайрат Сәтжанов olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Басқа салмақтардағы жігіттердің қарым-қабілетіне көңілі толатыны айтты. Әсіресе, Төрехан Сабырхан, Тимур Нұрсейітов , Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базабайұлы, Абылайхан Жүсіпов және Бекзат Нұрдәулетовтар үмітті ақтады. Ал, жарақат алған Санжар Тәшкенбай мен Сағындық Тоғамбай жақын арада қайтадан қатарға қосылатынын айта кетті.