ТРЕНДТЕҰЛТТЫҚ СПОРТ

Қазақстандық армрестлингшілер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сегіз алтын жеңіп алды

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында армрестлингтен жарыс аяқталды. Қырчын жайлауындағы Спорт сарайында өткен бәсекеге 18 елдің спортшылары қатысып, сол және оң қол сайыстарында жүлделерді сарапқа салды.

Қазақстан құрамасы жарыста сегіз алтын, бес күміс және бір қола медаль иеленді.

Әйелдер арасында 65 келіден жоғары салмақта Малена Сыдықжан екі қол сайысында да қарсыластарынан басым түсіп, екі алтын медаль жеңіп алды. 65 келіде Ұлжан Оралбай сол және оң қол бәсекесінде де күміс жүлдеге ие болды.

Ерлер арасында 80 келіде Данил Устинов сол қол сайысында чемпион атанып, оң қолмен күресте екінші орын алды.

90 келіде Нұрдәулет Айдархан екі сайыста да үздік нәтиже көрсетті. Ол сол және оң қол бәсекесінде алтын медаль жеңіп алды.

90 келіден жоғары салмақта Медет Құттымұратов та екі дүркін чемпион атанды. Қазақстандық спортшы екі қол сайысында да қарсыластарынан басым түсті.

70 келіде Бақыт Ақжігітов сол қол сайысында күміс, ал оң қол бәсекесінде қола медаль иеленді.

Жарыс жеңімпаздарына 50 мың сом, екінші орын иегерлеріне 40 мың сом, үшінші және төртінші орын алған спортшыларға 15 мың сомнан ақшалай сыйлық берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button