
Қазақстандық балуандар Түркияның Коджаэли қаласында өткен еркін және грек-рим күресінен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетіп, үш жүлдеге қол жеткізді.
Ұлттық құрама жарысты екі күміс және бір қола медальмен аяқтады. Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Бақытжан Қабдыл финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Еркін күресте Аллан Оралбек (61 келіге дейін) күміс медаль иеленсе, Диас Сағдатов (79 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Коджаэлидегі халықаралық турнирге әлемнің 24 елінен 433 спортшы қатысып, түрлі салмақ дәрежелерінде жүлделерді сарапқа салды. Қазақстандық балуандардың бұл нәтижесі халықаралық додадағы сәтті өнердің тағы бір дәлелі болды.



