Қазақстандық шпагашылар әлем чемпионатында үздік 16 команда қатарына енді

Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында командалық жарыстар басталды. Қазақстанның әйелдер құрамасы шпага бағдарламасында 1/8 финалға дейін жетіп, әлемнің үздік командаларының қатарынан көрінді.
Ирина Бакалдина, София Николайчук, Дарья Самоделкина және Владислава Андреева алғашқы кездесуін 1/16 финалда өткізіп, Швеция құрамасын 39:38 есебімен жеңді. Тартысқа толы бәсекеде қазақстандық спортшылар мінез танытып, келесі кезеңге жолдама алды.
Ширек финалға шығу үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Оңтүстік Корея командасымен күш сынасты. Қарсылас мықты болғанымен, отандастарымыз лайықты қарсылық көрсетіп, матч 45:39 есебімен кореялықтардың жеңісімен аяқталды.
Сол күні ерлер құрамасы да рапира бағдарламасында жарыс жолына шықты. Ғалым Нұрымов, Тимофей Семенов және Тамирлан Қалиев алғашқы кездесуінде Қытай құрамасымен семсерлесіп, 29:45 есебімен жеңіліс тапты.



