Семсерлесуден әлем чемпионаты: Қазақстан жекелей сындағы жарысын аяқтады

Гонконгта өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жекелей сындардағы өнерін аяқтады. Ел құрамасы сапындағы ең үздік нәтижені шпагашы Кирилл Проходов көрсетіп, жарыстың 1/8 финалына дейін жетті.
Кирилл Проходов турнир қорытындысы бойынша 16-орынға тұрақтады. Сондай-ақ Руслан Курбанов 18-орынды иеленсе, Ерлік Сертай 41-сатыдан, Вадим Шарлаимов 50-орыннан көрінді.
Әйелдер арасындағы шпага бәсекесінде Ирина Бакалдина 41-орын алды. София Николайчук жарысты 49-орынмен аяқтаса, Владислава Андреева 71-ші, Дарья Самоделкина 114-ші нәтиже көрсетті.
Ерлер арасындағы рапира сайысында Тимофей Семенов 75-орынға тұрақтады. Ғалым Нұрымов 109-шы, Тамирлан Калиев 126-шы орынға жайғасты. Әйелдер арасындағы рапирада София Актаева 49-орын иеленсе, Алена Гноева 105-ші, Алина Искандерова 119-шы орыннан көрінді.
Сабля бағдарламасында да қазақстандық семсерлесушілер жүлдеге қол жеткізе алмады. Әйгерім Сарыбай 53-орынға, Карина Доспай 57-орынға, Анастасия Гулик 61-орынға, Қайша Жәнібек 77-орынға тұрақтады. Ерлер арасында Артем Саркисян 51-орын, Қуаныш Ерғашбай 53-орын, Анзарбай Саттархан 56-орын және Нұрмұхаммед Жайлыбай 79-орын алды.
Әлем чемпионаты 28 шілдеде командалық жарыстармен жалғасады. Қазақстан құрамасы енді командалық бәсекеде өз мүмкіндігін сынап көреді.



