ҚЫСҚЫ СПОРТ

Алматыда 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық аясындағы алғашқы инспекциялық сапар өтті

Алматыда 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарына дайындық жұмыстары аясында Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) алғашқы инспекциялық сапары өтті. Делегация қаладағы спорт және туристік инфрақұрылыммен танысып, ұйымдастыру жұмыстарының барысын бағалады.

Инспекциялық сапарға Азия Олимпиада кеңесінің өкілдерімен қатар, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі мен қалалық Спорт басқармасының мамандары қатысты. Кездесу барысында жарыстарды ұйымдастыру жүйесі, спорт нысандарын жаңғырту, көлік логистикасы, қатысушыларды орналастыру, аккредиттеу, ақпараттық технологиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы және телетрансляция мәселелері жан-жақты талқыланды.

Делегация «Халық Арена», «Алматы Арена», «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Шымбұлақ» тау курорты, халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын аралап, олардың қазіргі жағдайы мен жаңғырту жоспарымен танысты. Сонымен қатар нысандардың халықаралық федерациялар талаптарына сәйкестігі мен көлік қолжетімділігіне де баға берілді.

Азия Олимпиада кеңесінің өкілдері Алматының спорттық инфрақұрылымының әлеуетін жоғары бағалап, әсіресе тау кластеріндегі нысандардың мүмкіндіктері мен дайындық жұмыстарының қарқынын атап өтті. Мамандардың айтуынша, қаладағы спорт кешендерінің басым бөлігі бұған дейін ірі халықаралық жарыстарды қабылдағандықтан, 2029 жылғы Азия ойындары үшін жаңа нысандар салу жоспарланбайды. Негізгі назар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады.

Сапар барысында қонақүй инфрақұрылымы да зерделенді. Делегация спортшыларды, ресми тұлғалар мен қонақтарды орналастыру мүмкіндіктерін бағалап, жарыс тұжырымдамасына сәйкес арнайы спортшылар қалашығы салынбайтынын мәлімдеді. Қатысушылар Алматыдағы қонақүйлерге орналастырылады.

Инспекциялық сапар қорытындысында ұйымдастыру комитетін құру, бірыңғай жол картасын әзірлеу және жарыс бағдарламасын қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісім жасалды. Еске салсақ, Алматы 2026 жылдың ақпан айында 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ресми түрде ие болған еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button