Азиада-2026: Қазақстан құрамаларының командалық спорт түрлеріндегі қарсыластары белгілі болды

2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарының командалық спорт түрлері бойынша жеребе тарту рәсімі аяқталды. Оның нәтижесінде Қазақстан құрамаларының топтық кезеңдегі қарсыластары анықталды.
Су добынан ерлер құрамасы А тобында Таиланд, Жапония және Гонконг командаларымен кездеседі. Әйелдер құрамасы Қытай, Жапония, Сингапур, Таиланд және Өзбекстан құрамаларына қарсы ойнайды.
Гандболдан Қазақстанның ерлер құрамасы В тобында Бахрейн, Кувейт, Оңтүстік Корея және Иран командаларымен бақ сынаса, әйелдер құрамасы Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Гонконг, Өзбекстан және Вьетнам құрамаларымен күш сынасады.
Регби-7 турнирінде ерлер құрамасы В тобында Жапония, Таиланд және Оңтүстік Кореямен кездеседі. Әйелдер құрамасы D тобында Жапония, Таиланд және Сингапур командаларына қарсы ойын өткізеді.
Көгалдағы хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы А тобына түсіп, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай Тайбэйі және Бангладеш құрамаларымен плей-офф жолдамасын сарапқа салады.
Еске салайық, бұған дейін волейболдан да жеребе қорытындысы жарияланған болатын. Қазақстанның ерлер құрамасы А тобында Жапония, Пәкістан және Өзбекстанмен, ал әйелдер құрамасы В тобында Қытай мен Филиппин құрамаларымен кездеседі.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп, құрлықтың ең үздік спортшыларын бір алаңға жинайды. Қазақстан құрамасы бірнеше командалық спорт түрінде жүлделі орындар үшін таласады.



