БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК өкілдері әйелдер және спорт жөніндегі IWG жаһандық саммитіне қатысты

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында әйелдер және спорт мәселелеріне арналған International Working Group on Women and Sport (IWG) ұйымының IX жаһандық саммиті өтті. Гендерлік теңдік, әйелдердің көшбасшылығы және спорттағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне арналған беделді жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері де қатысты.

Қазақстан ҰОК атынан саммитке Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анара Сыздықова мен Халықаралық қатынастар департаментінің бас менеджері, Азия Олимпиадалық кеңесінің Азия Пара ойындары жөніндегі комитетінің мүшесі Татьяна Богословская қатысты.

Төрт жылда бір рет өтетін саммит Олимпиада қозғалысының, халықаралық спорт федерацияларының, ұлттық олимпиадалық комитеттердің, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін бір алаңға жинады. Биылғы форум «Beyond the Breakthrough» («Жетістіктен кейінгі жаңа белес») ұранымен ұйымдастырылып, ұзақ мерзімді әрі жүйелі өзгерістердің маңыздылығына арналды.

Саммитке әлемнің 60-тан астам елінен 1200-ден астам делегат қатысты. Форумда Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри, World Athletics президенті Себастьян Коу, Азия Олимпиадалық кеңесінің және өзге де халықаралық ұйымдардың басшылары сөз сөйледі.

Жиын барысында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің спорттағы көшбасшылық әлеуетін арттыру, қауіпсіз спорттық ортаны қалыптастыру және халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар Үндістан, Бразилия, Ұлыбритания, Шри-Ланка және басқа да елдерде жүзеге асырылған табысты жобалармен танысты.

Саммит аясында Азия Олимпиадалық кеңесі әйелдерді қолдауға бағытталған Watch Her SHINE халықаралық бастамасын таныстырды. Арнайы сессияларда тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту, спорт ұйымдарындағы әйелдердің үлесін арттыру және ұлттық олимпиадалық комитеттер арасындағы тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Қазақстан ҰОК өкілдерінің айтуынша, Бирмингемдегі саммит барысында жинақталған тәжірибе мен халықаралық серіктестік байланыстар елімізде гендерлік теңдік, әйелдердің көшбасшылығын дамыту және спорттағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Саммиттің басты ерекшелігі – нақты тәжірибеге негізделген шешімдердің ұсынылуы. Біз үшін халықаралық әріптестермен пікір алмасып, олардың тиімді тәжірибесін Қазақстандағы жобаларға бейімдеу аса маңызды, – деді Қазақстан ҰОК Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анара Сыздықова.

Айта кетейік, форум қорытындысында International Working Group on Women and Sport ұйымының хатшылығы Ұлыбританиядан Бразилияға тапсырылды. Келесі, X IWG жаһандық саммиті 2030 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button