Қазақстан ҰОК спорттағы білім беру бағдарламаларын дамыту тәжірибесімен бөлісті

Қазақ ұлттық спорт университеті ұйымдастырған New Era of Sport: Education. Science. Innovation. Excellence халықаралық форумы аясында «Спорт экожүйесі: университеттер, федерациялар және индустрия» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Жиында спорт саласындағы білім беру, ғылым және инновацияларды дамыту мәселелері талқыланды.
Пікірталас барысында Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек спорт менеджерлерін даярлау және білім беру жобаларын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп мамандардың біліктілігін арттыруға арналған бағдарламалар жүзеге асырылып, спорттық мансабын аяқтаған атлеттерді қолдауға арналған Athlete Career Transition жобасы дамытылып келеді.
Сонымен қатар форумда спортшылардың кәсіби және жеке құзыреттерін дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақстан ҰОК Спортшылар комиссиясының мүшелеріне арналған ағылшын тілі курстары халықаралық спорт ұйымдарымен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін маңызды жоба ретінде ұсынылды.
Нұрлан Нөгербектің айтуынша, сапалы білім беру жүйесі мен білікті кадрларсыз спорт саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан ҰОК спорт менеджментін жетілдіруге, сала мамандарының кәсіби деңгейін көтеруге және спортшыларды мансабы барысында әрі спорттан кеткеннен кейін қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Панельдік пікірталасқа Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлинг, Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринеску, Technogym компаниясының фитнес сарапшысы Василий Горелик және WSG University in Bydgoszcz университетінің өкілі Александр Скалий қатысты.
Форум қатысушылары жоғары оқу орындары, спорт ұйымдары мен индустрия арасындағы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық тәжірибені енгізу және спорт саласына білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелерін талқылады.



