ФУТБОЛ

Қазақстанның U-15 құрамасы FIFA ұйымдастыратын жаңа халықаралық турнирде өнер көрсетеді

Қазақстанның 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы тарихта алғаш рет өтетін FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 турниріне қатысады. Халықаралық жарыс 22-31 қазан аралығында Әзербайжанда ұйымдастырылады.

Жаңа жоба FIFA-ның жас таланттарды дамытуға арналған футбол фестивалі форматында өтеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды ерте анықтап, олардың техникалық және тактикалық шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ FIFA U-17 әлем чемпионаты сияқты ірі халықаралық жарыстарға дайындау.

Турнир матчтары осы жас санатына арнайы әзірленген 8×8 форматында өтеді. Мұндай жүйе футболшылардың доппен жиі жұмыс істеуіне, ойын барысында шешім қабылдау жылдамдығын арттыруына және шабуыл әрекеттеріне белсендірек қатысуына мүмкіндік береді.

Жарыс регламентіне сәйкес, турнирге 2011 және 2012 жылы туған футболшылар қатыса алады. Әр команда 14 ойыншыны, оның ішінде кемінде екі қақпашыны және алты штаб мүшесін тіркеуге құқылы.

FIFA U-15 World Cup and Festival 2026 екі кезеңнен тұрады. Командалар іріктеу және негізгі кезең матчтарын өткізіп, турнир барысында ойын тәжірибесін толық жинақтайды. Бұл жарыс жас футболшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына және болашақ ұлттық құрамаларға даярлануына маңызды мүмкіндік болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button