ФУТБОЛ

Шымкентте қыздар арасындағы «Балғын» республикалық турнирінің алғашқы матчтары өтті

Шымкентте 2012-2013 жылы туған қыздардан құралған облыстық және өңірлік құрамалар қатысып жатқан «Балғын» республикалық футбол турнирі басталды. Жарыстың алғашқы күні екі тартысты кездесу өтті.

Алғашқы матчта Батыс және Оңтүстік өңірлерінің құрамалары кездесті. Батыс командасы ойынның алғашқы минуттарынан басымдық танытып, 4-минутта Айзере Қуанышқалидың голымен есеп ашты. Бірінші таймның соңына қарай Еркеназ Марат есеп айырмасын екі допқа жеткізді. Үзілістен кейін Оңтүстік құрамасы шабуылын үдетіп, Мария Мамонтованың голы арқылы есепті қысқартты. Дегенмен Айнара Биғамбаева Батыс құрамасының басымдығын қайта арттырса, матч соңында Мамонтова дубль авторы атанып, қорытынды есепті белгіледі. Кездесу Батыс өңірі құрамасының 3:2 есебімен жеңісімен аяқталды.

Екінші ойында Солтүстік өңірінің құрамасы Шығыс өңірінің командасына еш мүмкіндік бермеді. Есепті бірінші таймның соңында Іңкәр Мұрат ашты. Үзілістен кейін Сәфия Төленді мен Алина Ахметшәріп бір-бір гол соғып, ал Камилла Ищанова дубль авторы атанды. Нәтижесінде Солтүстік құрамасы қарсыласын 5:0 есебімен ірі жеңіліске ұшыратты.

«Балғын» республикалық турнирі Қазақстандағы қыздар футболын дамытуға, талантты жас ойыншыларды анықтауға және оларды ұлттық құрама резервіне даярлауға бағытталған. Турнирде үздік ойын көрсеткен футболшылар тамыз айында өтетін Даму кубогына қатысатын Қазақстанның WU-15 жасөспірімдер құрамасына шақырту алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button