Астанада УЕФА B-Fitness License курсының екінші модулі өтіп жатыр

Астанада 23-25 маусым аралығында УЕФА B-Fitness License мамандандырылған курсының екінші модулі ұйымдастырылуда. Бағдарлама футболшылардың физикалық дайындығына жауапты мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
Курс Қазақстан футбол федерациясының бапкерлерді даярлау жүйесін жетілдіру және физикалық дайындық жөніндегі мамандарды УЕФА талаптарына сәйкес оқыту бағдарламасы аясында өткізілуде.
Оқу үдерісін Қазақстан футбол федерациясының нұсқаушылары Рустам Усманов, Александр Кучма және Евгений Антонов жүргізіп жатыр. Сонымен қатар курсқа УЕФА-ның физикалық дайындық жөніндегі нұсқаушысы Дэйв Кэролан қатысып, тыңдаушылармен халықаралық тәжірибесімен бөлісуде.
Екінші модуль барысында қатысушылар футболшылардың физикалық қасиеттерін дамыту әдістерін, жаттығу процесін жоспарлау мен талдау үшін тестілеу нәтижелерін пайдалануды, сондай-ақ жаттығу жүктемесін спортшылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу тәсілдерін меңгеруде.
Бағдарламада төзімділікті дамыту, ойыншылардың физикалық көрсеткіштерін бақылау, MAS, MSS, RSA және RSI көрсеткіштерін қолдану, жоғары қарқынды интервалды жаттығуларды (HIIT) жоспарлау, сондай-ақ негізгі құрамда аз ойын тәжірибесі бар футболшылардың физикалық дайындығын сақтау мәселелері қамтылған.
Оқу бағдарламасы теориялық дәрістерді, топтық тапсырмаларды және футбол алаңындағы практикалық жаттығуларды біріктіреді. Бұл қатысушыларға заманауи әдістемелерді тәжірибе жүзінде қолданып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, УЕФА B-Fitness License курсы Қазақстан футбол федерациясының ұлттық бапкерлік білім беру жүйесін дамытуға және қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған жобалардың бірі болып саналады.



