Қазақстан мен Ауғанстан ҰОК өкілдері спорт саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек пен Ауғанстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Мұхаммад Юнус Попалзайдың ресми кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар жаттықтырушыларды даярлау, білім беру жобаларын жүзеге асыру және спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар 17-22 маусым аралығында Астанада өтіп жатқан жаттықтырушыларға арналған техникалық курстарға ерекше назар аударды. Бағдарлама Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып, Халықаралық Олимпиада комитетінің Olympic Solidarity бағдарламасы, сондай-ақ UWW және World Boxing халықаралық федерацияларының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Кездесуде мұндай жобалардың мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи жаттықтыру әдістемелерімен тәжірибе алмасуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Нұрлан Нөгербек Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. Оның сөзінше, тәжірибе мен білім алмасу спорттың тұрақты дамуына және мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді. Сондай-ақ ашық диалог пен бірлескен бастамалар олимпиадалық қозғалысты дамытуда маңызды рөл атқарады.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Ауғанстан Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері әріптестікті одан әрі нығайтуға, жаттықтырушыларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және спорт саласындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.



