Қазақстан құрамасы Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирінің алғашқы күнін жүлдесіз аяқтады

Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында дзюдодан Grand Slam сериясындағы халықаралық турнир басталды. Бұл жарыс 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу кезеңіндегі алғашқы рейтингтік дода саналады.
Турнирдің алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
Қазақстандық спортшылар арасында ең үздік нәтижені 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Диана Бүркеева тіркеді. Ол жұбаныш белдесуіне дейін жеткенімен, испаниялық Абелинда Мартинеске есе жіберіп, қола медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.
Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Ғалия Тыңбаева екінші айналымда Франция өкілі, Олимпиада жүлдегері Ширин Буклиге жол беріп, жарысты аяқтады.
Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин алғашқы белдесуінде италиялық Бьяджо Анджелодан жеңілсе, Аман Бақытжан екінші айналымда әлем чемпионы Георгий Сардалашвилиге (Грузия) есе жіберді.
66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Ақжігіт Насыр 1/8 финалға дейін жетті. Серікбаев әзербайжандық Руслан Пашаевтан жеңілсе, Насыр жарыс қожайыны Моңғолияның өкілі Эрхэмбаяр Баттогтохтан ұтылды.
Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта Аружан Ережепова алғашқы айналымда моңғолиялық Гал-Од Цэрэнтогтохқа жол берді. Ал 57 келіге дейінгі салмақта Дана Әбдірова Түрікменстан спортшысы Майса Пардаевадан, Дина Мұханбет Ресей өкілі Ирина Зуевадан жеңіліп, турнирді ерте аяқтады.
Айта кетейік, Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирі 21 маусымға дейін жалғасады. Алдағы жарыс күндерінде Қазақстан құрамасының өзге дзюдошылары Олимпиада рейтингінің маңызды ұпайлары мен жүлделер үшін күресін жалғастырады.



