Астанада Халықаралық Олимпиада күніне арналған дипломатиялық волейбол турнирі өтті

Астанада Халықаралық Олимпиада күніне орай «Diplomatic Corps & International Organizations Volleyball Cup-2026» дипломатиялық волейбол турнирі ұйымдастырылды.
Спорттық іс-шараға шетелдік дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Турнирді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен «Астана» дипломатиялық клубы өткізді.
Жарыстың басты мақсаты – олимпиадалық құндылықтарды дәріптеу, халықаралық достық байланыстарды нығайту және спорттық дипломатияны дамыту.
Турнирге барлығы 68 қатысушы қатысып, сегіз команда бақ сынады. Жарысқа Қазақстандағы Молдова Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Игорь Молдован, Швейцарияның Қазақстандағы Елшісі Джорджо Помпилио, Қасиетті Тақ дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары монсеньор Винченцо Маринелли, БҰҰ агенттіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Қытай, Италия, Ресей, АҚШ елшіліктері мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің командалары қатысты.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Ноғербек Халықаралық Олимпиада күні спорттың баршаға қолжетімді екенін және түрлі жастағы адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін маңызды мереке екенін атап өтті.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда, International Olympic Committee құрылған күннің құрметіне аталып өтеді.



