БАСҚАЛАРЫ

Милад Карими жарақатына байланысты Азия чемпионатына қатыспайды

Қазақстан құрамасының көшбасшы гимнастарының бірі Милад Карими Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін спорттық гимнастикадан 2026 жылғы Азия чемпионатына қатыса алмайды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, спортшы Бейжіңдегі бірлескен оқу-жаттығу жиыны кезінде жарақат алған. Медициналық тексеру нәтижесінде оның қабырғасында жарық бары анықталған.

Бапкердің сөзінше, Милад Каримидің толық қалпына келуі үшін бірнеше апта қажет. Осыған байланысты жаттықтырушылар штабы спортшының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін оны жарысқа қатыстырмау туралы шешім қабылдаған.

Миладтың орнына Азия чемпионатына Нұртан Идрисов қатысады. Сонымен қатар Эмиль Ахмеджанов командаға қосылып, қосалқы спортшы ретінде тіркелді.

Александр Кимнің пікірінше, Каримидің жарыстан тыс қалуы ұлттық құрама үшін айтарлықтай шығын. Себебі ол Қытай, Жапония, Тайбэй және Филиппиннің жетекші гимнастарына лайықты бәсекелестік көрсете алатын Қазақстан құрамасындағы негізгі спортшы болған.

Осылайша, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатына қатысатын құрамы Ильяс Азизов, Дмитрий Патанин, Роман Хегай, Дияс Тойшыбек, Нұртан Идрисов және Эмиль Ахмеджановтан жасақталды.

Айта кетейік, спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты 18-21 маусым аралығында Қытайдың Цзуньи қаласында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button