Павлодарлық оқушылар «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының жеңімпазы атанды

Астанада 5-6 сынып оқушылары арасында өткен «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі аяқталды.
Еліміздің 15 өңірінен келген 15 команда бірнеше күн бойы чемпиондық атақ үшін бақ сынады. Турнир барысында жас футболшылар өздерінің техникалық шеберліктерін, командалық ойын үлгісін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысының командасы чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды. Батыс Қазақстан облысының өкілдері күміс жүлдеге ие болса, Абай облысының командасы қола медаль еншіледі.
Турнир соңында үздік ойын көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Үздік қақпашы атағы Батыс Қазақстан облысының ойыншысы Рустам Истамғазиевке берілді. Абай облысының өкілі Әділ Бекен үздік қорғаушы атанса, Ақмола облысынан келген Нұрәли Залетден үздік жартылай қорғаушы деп танылды.
Павлодар облысының шабуылшысы Эмиль Камаров турнирдің үздік сұрмергені атанды. Ал жарыстың ең үздік ойыншысы атағы тағы бір павлодарлық футболшы Алан Кабдуллаевқа бұйырды.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының жаттықтырушысы Аманжол Есенов турнирдің үздік бас бапкері атанды.
Осылайша, елордалық финал жас футболшылардың жаңа буынын танытып, мектеп футболын дамытудағы маңызды жарыстардың бірі ретінде өз мәресіне жетті.



