
Филиппиннің Кандон қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы AVC Women’s Nations Cup турнирінде Қазақстан құрамасы кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Топтық кезеңдегі үшінші матчта қазақстандық волейболшылар Иран құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында алғашқы партия қарсыластардың пайдасына аяқталғанымен (13:25), кейін Қазақстан құрамасы ойын тізгінін толық өз қолына алды. Қалған үш сетте отандастарымыз 25:20, 25:14 және 25:18 есебімен басым түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Асқар Шалқыбеков шәкірттері Гонконг құрамасын 3:1, ал Индонезияны 3:0 есебімен ұтқан болатын.
Үш матчтан кейін тоғыз ұпай жинаған Қазақстан құрамасы В тобында жеке дара көш бастады.
Топтық кезең аясында қазақстандық волейболшыларды әлі Ливан және Вьетнам құрамаларына қарсы кездесулер күтіп тұр.
Айта кетейік, А тобында Филиппин, Қытай Тайбэйі, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және Аустралия құрамалары өнер көрсетуде. Турнир регламентіне сәйкес әр топтан үздік екі команда жартылай финалға жолдама алады.



