Семейдегі «Спартак» стадионы УЕФА-ның екінші санатына ие болды

Семей қаласындағы «Спартак» стадионы УЕФА талаптарына сәйкестігін растап, ресми түрде екінші санатқа ие болды.
Бұл шешім 2026 жылғы 19 сәуірде өткізілген инспекция қорытындысы бойынша қабылданды. Тексеру нәтижесінде стадионның УЕФА-ның екінші санатына қойылатын негізгі талаптарға сай келетіні анықталды.
Жаңа мәртебе арқасында «Спартак» стадионы енді УЕФА Конференциялар лигасының бірінші және екінші іріктеу кезеңдерінің матчтарын қабылдай алады.
Сонымен қатар инспекция барысында бірқатар ұсыныстар да берілді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көру аймақтарының қолжетімділігін арттыру, командалардың қызыну алаңдарын жабдықтау, стадион аумағын құрылыс қалдықтары мен тастардан тазарту, кейбір баспалдақ өткелдерін қайта бетондау және санитарлық тораптар санын белгіленген талаптарға сәйкестендіру қажет екені көрсетілді.
Аталған ескертулерді жою үшін стадион басшылығына қосымша уақыт берілді.
УЕФА-ның екінші санатын алу «Спартак» стадионының халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, Семей қаласының спорттық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды.



